Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдер, жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар – Үкімет басшысы

Олжас Бектенов үкімет отырысында жылу электр орталықтарын жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталмаса, меншік иелері мен әкімдіктерге шара қолданылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырғанын еске салды.

“Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмысын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен "Топар" ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кетсе, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданады", — деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар Бектенов жергілікті жерлерде барлық әкімнің жұмысын көріп отырғанын, президент тапсырмаларының орындалуы ерекше бақылауда екенін атап өтті. 

"Жергілікті жерлерде барлық әкімнің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-жылу орталығындағы қазандықты жөндеу 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ.

Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек.

Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде "Энергияны үнемдеу туралы" заң бар және барлық талап бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. 

Мен өңірлерге сапарым кезінде президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеремін. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет", — деп атап өтті премьер-министр Олжас Бектенов. 

Айта кетейік, үкімет отырысында жаңа цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ант берді

Талқылау