Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев соты: Сот ісі тағы да кейінге шегерілді, қашан үкім шығатыны белгісіз

Бүгін Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың тағдырын шешетін алқабилерге арналған сұрақтар талданатынын хабарлаған едік. Сұрақтарды талқылау дүйсенбіге қалдырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Сұрақтарды талқылау және құрау кезінде алқабилер сот залында болған жоқ. Сонымен қатар судья Айжан Көлбаева БАҚ өкілдерінен де залдан шығуды сұрады. 

Көп ұзамай залдан шыққан зардап шеккен тараптың адвокаты Игорь Вранчев сот отырысы қашан жалғасатынын айтты. 

“Қандай шешім шығатыны талқыланған жоқ. Біз сұрақтарымызды ұсындық, судья кеңесу залына кетті. 13 мамыр 9:30-ға дейін үзіліс жарияланды”, – деді ол. 

Вранчевке журналистер 13 мамыр күні үкім шыға ма деген сұрақ қойды. 

“Үкім шығару емес, біз ұсынған сұрақтар талқыланады”, – деп түсіндірді адвокат. 

Сонымен қатар Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелдіні өздерін блогер деп таныстырған адамдар қоршауға алып, ыңғайсыз сұрақтар қоюға тырысты. Ол үкім қашан шығатынын ешкім білмейтінін айтты. 

Салтанат Нүкенованың ағасы ресейлік блогерлердің Бишімбаев сотын қай ракурстан таратып жатқанына баға берді.

"Көбіне дұрыс және объектив хабарлайды. Сонымен қатар мен олардың негізгі міндеті мұнда жиналған журналистердікі сияқты, қоғамға өзгеріс енгізу екенін түсінемін. Олар Қазақстанда басталған өзгерістердің бұл толқыны өз еліне де әсер еткенін қалайды. Дәл сол себепті қазір барлық халықаралық БАҚ қосылып жатыр, бұл мәселе бүкіл әлемде бар. Іс заңнамалық нормалар тұрғысынан өзгерістерді қарастыруға және жақсы, қауіпсіз болашақтың негізін қалауға мүмкіндік береді. Барлық БАҚ шешуді талап ететін мәселені хабарлағысы келеді", – деді Айтбек Амангелді.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.

Талқылау