Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жасанды интеллект арқылы жасаған": Қырғызстан президенті ағасына қатысты атышулы іске пікір білдірді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ағасының елден заңсыз алтын шығаруға қатысы бар деген видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Кабар” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Кабар

Садыр Жапаровтың сөзінше, қаншама адам бейнебақылау камерасы арқылы бақылап отырған кеніштен алтын ұрлау мүмкін емес. 

"Мен бұл видеоны көргенде күлдім. Алтын ұрлап, шетелге апарып жатқандар осындай видеоларды өздері түсіріп, әлеуметтік желіге тарата ала ма? Бүгінде елімізде мемлекеттік алтын кеніштерінен бір тонна, тіпті бір грамм алтын ұрлау мүмкін емес. Қара-Балта қаласындағы үкіметке тиесілі барлық алтын кен орындарына және мұнай өңдеу зауытына бейнекамералар орнаттық, барлық хабарлар онлайн режимде бақыланады. Бейне тәулік бойы түсіріліп, компьютерге жазылады. Мыңдаған сарапшылар нақты уақыт режимінде камераларды көріп отыр. Бір грамм алтын ұрлау ешкімнің түсіне де кірмейді. Мұны бәрі жақсы біледі ", - деді Жапаров.

Қырғызстан президентінің сөзінше, оның бауырлары мен отбасы мүшелері шетелге ешнәрсе экспорттамайды, керісінше елге шетелден импорттайды. Жапаров президенттік мерзімінің соңында туыстарымен бірге инвестиция ретінде жиналған қаражат туралы есеп беретінін жеткізді.

"Уақыт бәрін өз орнына қояды. Қазір жасанды интеллект арқылы кез келген адамның даусын қойып бейнеролик жасауға болады. Өткен жылы менің дауысым қойылған жарнаманың видеосын көргенде таңғалған едім. Бұл сөздерді қашан және қайда айтқанымды білу үшін баспасөз хатшысына телефон соққанымда, видео компьютердегі жасанды интеллект арқылы жасалған болып шықты", – деп түйіндеді сөзін Садыр Жапаров.

Айта кетейік, 7 мамырда әлеуметтік желіде алтынға ұқсайтын құймалардың видеосы тарап кеткен. Видео авторы құймалардың жөнелтуге дайын екенін айтып, біреуге "бастық" және "Сабыр ава" деп сөйлеген. Қолданушылар видео Қырғызстан басшысының ағасы Сабыр Жапаровқа қатысты деп болжаған еді. 

Талқылау