Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелім үйлену тойымда тілек айтты": Қалдыбек Құрманәлі жарымен қалай танысқанын айтып берді

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қалдыбек Құрманәлі шаңырақ көтерген жылдарын есіне алды. Сондай-ақ әйелімен қалай танысқанын “Алғашқы” бағдарламасында айтты. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Өнер иесінің айтуынша, болашақ жарына көп өтірік айтып, алдап өзіне қаратып алған. 

"Халық білмейтін құпиямды айтайын. Осы үйленуіме қатысты ешжерде айтпап едім. Үйдегі жеңгелеріңнен бұрын басқа қызға үйленетін болғанмын. Дастархан жайып, ортаға аққу мен екі сақинасы бар тортты алдырып, отырыс жасағанбыз. Сонда қазіргі келіншегім "Қалдыбек аға, бақытты болыңыздар" деп тілек айтқан. Бірақ ол қызға үйленбей қалдым. Арада екі ай өткенде Эльмирамен бас құрадық. Жеңгелеріңе үйленген кезде ол екінші курста оқитын студент еді”, – деп ол жастық кезеңнен сыр шертті. 



Сазгер қарындасының құрбысына үйленгенін жасырмады. Мінезінің қиын екенін айтып, әйелінің әрең шыдап жүргенін де айтып қалды. 

“Өз тойымды өзім жасаған адаммын. Той жақсы өтті. Тойдан кейін досымның үйіне барып тұрдық. Баратын жеріміз жоқ қой. Осы жерде бір өтірігім жайлы айтайын. "Үйім бар десем маған көніп, тиетін шығар" деген оймен жүріп жүрген кезімде "Басымда екі үйім бар" деп алдағам. Риза болғаным, әйелім үйленген соң "Сол кезде айтқан үйіңіз қайда?" деп сұрамады. Мен көрген қорлықтың жартысын тең бөлісіп, көтерді. Кейде ренжитін, кейде маған тигеніне өкінген де шығар. Бірақ "Үйім бар деп едің" деп бетіме баспады. Құдай өзі сәтін салып, Иманғали Тасмағамбетов қалаға әкім боп келгенде маған екі үй берді. Сол кезде әйеліме "Баяғыда айтқан екі үйім осы еді" деп әзілдеп айтқаным бар. Менің бар кінәм – алдын ала айтып қойғам," – деді өнер қайраткері.  
Еске салайық, композитор жүрегіне ота жасап, бір ажалдан аман қалғанын жазған едік. 

Талқылау