Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салтанат Нүкенованың ағасы қайғылы оқиға болған түн туралы айтып берді (видео)

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы жауап беру кезінде қарындасы Салтанат Нүкенова қайтыс болған күнгі оқиғаларды баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Айтбек Амангелдінің сөзінше, қарындасы соңғы рет 8 қарашадан 9-на қараған түні 00:40-та қоңырау шалып, “үйдесің бе” деп сұраған. Ол "иә, үйдемін” десе, “мен қазір келемін "деп жазған. 

24 минуттан кейін ағасы Салтанатқа қашан келетінін сұрап жазады. 

"02:05-те оның телефонынан үзік қоңырау түсті, мен қайта хабарласып ем, қайтарып тастады. Ол 00.40-та қоңырау шалған кезде орналасқан жерін тексердім, телефон мейрамханада болды. Түнгі сағат 2-де үзік қоңырау түскен кезде қайта тексердім. Орналасқан жері жақын маңдағы Talan Towers ғимаратын көрсетті, ол жерде қонақ үй бар. Түнеуге барған шығар деп ойладым. Таңертең 07:46-да мен оған хат жаздым. Геолокациясы оның әлі Talan Towers ғимаратының бір жерін көрсетіп тұрды. Таңғы сағат 07:46-да ол әлі ұйықтап жатқан болар деп ойлап кейінірек жауап беретін шығар дедім", – дейді марқұмның ағасы.

Күні бойы ол жазған хатын Салтанат оқыған-оқымағанын тексеріп отырған, ол хатты түсте оқып, жауапсыз қалдырған.

"Сағат 20.00-21.00 шамасында маған Салтанаттың құрбысы үрейленген дауыспен қоңырау шалды, “бұл рас па?” деп сұрай бастады. WhatsApp-қа 9 қарашада Қуандық Бишімбаев "Бау" мейрамханасында Салтанатты өлтіргені туралы хабарламаны жіберді”, – деді Айтбек Амангелді.

"Мен Салтанатқа қоңырау шала бастадым, жауап бермеді. Оның орналасқан жерін телефон арқылы көріп ем, үйде екен. Сонда деп ойлап, жолға шықтым. Пәтерден жарық байқалмады, бірақ мен бәрібір жоғары көтеріліп, есікті қақтым. Ешкім ашқан жоқ. Содан кейін полицияға қоңырау шалып, осындай хабарлама алғанымды, қарындасым үшін алаңдап отырғанымды айттым, олар маған “Салтанаттың өлтірілгені рас, қайғыңызға ортақпыз, гастроцентрге бару керек” деді. Осы кезде әкем хабарласты. Олар да жаңалықтан көрген. Оқиға болған жерге барсам журналистер мен полиция өкілдері қаптап жүр екен. Тергеуші криминалистер жұмыс істеп жатқанын айтып, мені өткізбеді, ол Салтанаттың қайтыс болғанын растады. Осыдан кейін мен әкеме хабарластым. "Иә, әке, бәрі рас. Салтанатты Қуандық өлтіріпті", – дедім. Ар жақтан анам естіп, шыңғырып жатты", – деп бөлісті марқұмның ағасы.

Бұған дейін прокурор Айтбек Амангелдіден Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевтан қанша рет кетіп, қайтып келгенін білесіз бе деп сұрады. 

2023 жылы шамамен 8 рет болды, одан көп болмаса”, – деп жауап берді ол. 

Талқылау